Мұнай бағасы күрт өсуі мүмкін: Ормуз бұғазындағы жағдай нарыққа қалай әсер етеді

Автор: Дәулет Ботагөз

Таяу Шығыстағы жағдай әлемдік нарықты тығырыққа тіреп отыр

Фото: © istockphoto.com

Дүйсенбі күні мұнай бағасының өсуі жалғасуы мүмкін. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери іс-қимылдары мұнай инфрақұрылымына тікелей қауіп төндіріп, әлемдік нарықты тығырыққа тіреп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі таңда әлемдік мұнай тасымалының бестен бір бөлігі өтетін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы жабық тұр. Иранның бұл су жолын бұғаттауы мұнай жеткізу тізбегіндегі ең ірі іркілістерге әкеп соқты:

Айдың басынан бері Brent және WTI маркалы мұнай бағасы 40% астам қымбаттап, 2022 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткішке жетті.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Харг аралындағы экспорттық бұғазға жаңа соққылар беретінін мәлімдеді. Тегеран бұған жауап ретінде қатаң қайтарым жасауға дайын екенін хабарлап үлгерді.

Жағдайдың ушығуына байланысты Ақ үй басшысы Қытай, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания сияқты ірі мемлекеттерді Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери кемелерін жіберуге шақырды.

Бұл қадам стратегиялық бағытты қайта ашып, әлемдік экономикадағы тербелістерді тоқтатуды көздейді. Алайда, қазіргі қарқынмен мұнай бағасының өсу үрдісі сақталуда, бұл жақын арада жанармай мен энергия ресурстарының қымбаттауына алып келуі мүмкін.