Кейуана 1910 жылы дүниеге келген
Ұлытау облысында референдумға ең қарт тұрғындардың бірі де қатысты. Жаңаарқа ауданының 116 жастағы тұрғыны Түймегүл Темірбаева азаматтық белсенділік танытып, дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылжар кентінде тұратын кейуана референдумда дауыс беріп, өзінің азаматтық таңдауын жасады. Қарияның жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, учаскелік референдум комиссиясының мүшелері арнайы дауыс беру жәшігін оның үйіне апарды.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар кентінің тұрғыны Түймегүл Темірбаева 1910 жылы дүниеге келген. Биыл қаңтар айында ол 116 жасқа толып, Қазақстандағы ең қарт тұрғын атанды.
«Өмірін отбасына арнаған Түймегүл әженің айтуынша, ұзақ өмір сүрудің басты сыры – еңбекқорлық пен жақын адамдарға деген сүйіспеншілік. Бүгінде әженің 15 немересі және 25 шөбересі бар. Ол өмір бойы отбасының тірегі болып, балалары мен немерелеріне үлгі көрсетіп келеді.
Туыстарының айтуынша, Түймегүл әже отбасы мүшелерімен бірге түрлі іс-шараларға белсенді қатысып отырады. Осылайша ғасырдан асқан ұлытаулық маңызды саяси науқаннан шет қалмай, ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға өз үлесін қосты», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.