БҚО-да референдум учаскесінің жанында киіз үй тігілді – бақылаушы
Мерекелік атмосфераны ұлттық тағамдар ұсынылған киіз үй де толықтырып тұр
Батыс Қазақстан облысында референдумдағы дауыс беру тыныш әрі мерекелік атмосферада өтіп жатыр. Учаскелердің бірінің жанында ұлттық тағамдар ұсынылған киіз үй тігілген. Тұрғындар дауыс бергеннен кейін сол жерге барып, ұлттық дәмнен ауыз тиеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясынан бақылаушы Ариана Багданова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін дауыс беру белсенді өтіп жатыр. Адамдар отбасыларымен, балаларымен келіп жатыр. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Оларға үйіне барып дауыс беру мүмкіндігі ұсынылса да, олар өздері келіп, жеке дауыс беруді таңдады», – деді Багданова.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін біраз адам таңдауын жасап үлгерген.
«Процесс тыныш өтіп жатыр. Сайлаушылар өз мекенжайлары бойынша келіп жатыр, комиссия мүшелері әрбір азаматқа қажетті үстелді табуға көмектесуде», – деп қосты бақылаушы.
Багданованың сөзінше, мерекелік атмосфераны ұлттық тағамдар ұсынылған киіз үй де толықтырып тұр.
«Адамдар дауыс бергеннен кейін киіз үйге барып, бауырсақ пен басқа да ұлттық тағамдардан дәм татып жатыр. Атмосфера өте жағымды: адамдар күліп, суретке түсіп, азаматтық борышын орындағаны туралы әсерлерімен бөлісуде», – деді ол.
Сондай-ақ ол полиция қызметкерлерінің белсенділігін атап өтті.
Оның айтуынша, олар учаскеге алғашқылардың бірі болып келген, ал комиссия мүшелері дауыс беруге келген азаматтарды күлімдеп қарсы алып, қажет болған жағдайда көмектесіп жатыр.