Жаңа туған нәресте – отбасындағы тоғызыншы бала
Маңғыстау облысында референдум күні көпбалалы отбасында тоғызыншы сәби дүниеге келді. Сәбиге Атазаң есімі берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа туған нәресте – отбасындағы тоғызыншы бала. Ұл баланың салмағы – 4130 грамм, бойы – 57 сантиметр.
Дәрігерлердің айтуынша, анасы мен сәбидің жағдайы жақсы. Сәбидің дәл осы күні дүниеге келуі отбасы үшін ерекше әрі символдық оқиға болды. Ата-анасы ел үшін маңызды күнде ұлдарының өмірге келуі өздері үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.
Перзентхана дәрігерлері ата-ананы құттықтап, сәбиге мықты денсаулық, амандық және бақытты балалық шақ тіледі.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында ана мен баланы қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Көпбалалы отбасыларға түрлі әлеуметтік көмек пен қолдау түрлері көрсетіледі.