Семейлік оқушы наурыздағы ҰБТ-да рекорд орнатты

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол 140 ұпайдың бәрін жинады

Фото: testcenter.kz

Абай облысының тумасы наурыз айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) ең жоғары нәтиже көрсетті. Бородулиха ауылының түлегі Ерасыл Сайлауов мүмкін болған 140 ұпайдың бәрін жинады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Ерасыл қазіргі уақытта Семей қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы қазақ орта мектебінде білім алуда. Ол тек сабақпен шектелмей, жан-жақты дамыған оқушы ретінде танылып отыр:

Ерасыл 10-сыныпта халықаралық IELTS емтиханын тапсырып қойған.

Оқушы интеллектуалды дамумен қатар, тұрақты түрде волейболмен айналысады.

Кітап оқуды жаны сүйетін жас дарын өзін үнемі жетілдіріп отырады.

Рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Ерасыл мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты.  Оның алға қойған нақты мақсаттары бар.

«Ендігі кезекте нағыз ҰБТ-да осы нәтижені қайталап, тағы да 140 балл жинағым келеді. Басты мақсатым мемлекеттік грантты жеңіп алып, «дипломатия» мамандығы бойынша білім алу», – дейді жас түлек.