Рәсім кезінде үлкендер балаларға ақ тілектерін айтып, жарқын болашақ тілеп, баталарын берді
Ақтөбеде республикалық референдум күніне орай, Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған тұсау кесу рәсімі салтанатты түрде өткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында ел рухын, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және ұлттық дәстүрлерге деген құрметті арттыру.
Жиын барысында мектеп мұғалімдерінің кішкентай балаларына арнап «Тұсаукесер» рәсімі өткізілді. Осы арқылы қазақ халқының көне әрі мазмұны терең тәрбиелік мәні бар дәстүрлерінің бірі жоғары деңгейде көрсетіліп, кеңінен насихатталды.
Рәсім кезінде үлкендер балаларға ақ тілектерін айтып, жарқын болашақ тілеп, баталарын берді.
«Іс-шараға қатысушылар ұлттық дәстүрлердің маңызын тереңірек түсініп, ел болашағына бейжай қарамайтын жауапты азаматтарды тәрбиелеудің мәні туралы өз ойларымен бөлісті.
Тағылымы мол шаралар арқылы мектеп ұжымы оқушылардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, қоғамдағы маңызды оқиғаларға бейжай қарамайтын белсенді тұлға тәрбиелеуді мақсат етеді», – деп жазды Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.