«Халық таңғы сағат жетіден бері дауыс беріп жатыр»: Жаңаарқа ауданындағы референдумның барысы қандай

Автор: Аягөз Құрмаш

Оның айтуныша, референдум учаскелерінде тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ 

Фото: ӨРК

 «AMANAT» партиясы атынан бақылаушы болған Ақнұр Амзина Жаңаарқа ауданында дауыс берушілердің белсенділігі жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жаңаарқа ауданы №82 референдум учаскесінде байқаушы ретінде қатысып отырмын. Учаске уақытылы ашылып, дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде басталды. Референдум комиссиясының мүшелері таңғы уақыттан бастап өз жұмыстарын жүйелі түрде атқарып жатыр. Алғашқы дауыс берушілер учаскеге ерте келіп, сағат 07:04-тен бастап дауыс бере бастады. Тұрғындардың белсенділігі байқалады – азаматтар өз таңдауын жасап, елдің маңызды саяси процесіне қатысып жатыр», - дейді Ақнұр Амзина.

Оның айтуынша, дауыс беру учаскесінде тәртіп сақталған, барлық процедура заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытқа дейін ешқандай тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Бақылау жұмыстары жалғасып жатыр», - деді ол.

Қазіргі таңда республика бойынша дауыс беру қарқынды жалғасып жатыр. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, 2 393 844 азамат бюллетень алған. Бұл – тізімге енген азаматтардың 19,21 пайызын құрайды. Дауыс беру кешкі уақытқа дейін жалғасады.