Маңғыстауда қыз алып қашқан екі адам сотталды
Сотталғандардың әрқайсысы үш жылға бас бостандығынан айырылды
Маңғыстау облысында бойжеткенді еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқан екі азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Енді олар алдағы бірнеше жылын темір тордың арғы жағында өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнайлы аудандық сотының үкімі
Оқиғаның мән-жайы бойынша, А. және О. есімді азаматтар алдын ала сөз байласып, қызды күштеп алып кеткен. Бұл әрекет Қазақстан заңнамасында ауыр қылмыс болып саналады.
2026 жылғы 2 ақпанда Мұнайлы аудандық соты күдіктілерді кінәлі деп таныды. Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы, 2-бөлігі (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен некеге тұру мақсатында адамды ұрлау) бойынша айып тағылды.
Сотталғандардың әрқайсысы үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Қыз алып қашу — салт емес, қылмыс
Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында заңдар қатайтылды. Соның ішінде «некеге тұру мақсатында адам ұрлау» жеке бап ретінде қарастырылып, оған қатаң жаза тағайындалады.
Бас прокуратураның хабарлауынша, қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл прецедент ескірген әдет-ғұрыпты желеу етіп, заң аттап өткісі келетіндерге үлкен сабақ болмақ.