Семейде 9 жыл бұрын жоғалған қыздың туыстары іздеуді қайта бастауды сұрады
Жақындары қыздың тірі екеніне сенімді
Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалып кеткен бір жарым жастағы қыздың туыстары іздеуді қайта бастауға шақырып отыр. Олар ананың баланы Ертіс өзеніне батырып жіберді деген нұсқаға сенбейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жақындары қыздың тірі екеніне сенімді.
КТК телеарнасының 13 наурыздағы мәліметінше, тоғыз жыл бұрын Семейді жантүршігерлік оқиға дүр сілкіндірген. 24 жастағы әйел қызын үйінің маңындағы Ертіс өзеніне батырып жібергенін мойындаған. Осыдан кейін өзі де суға кетпек болғанымен, кейін райынан қайтқан. Баланың әкесі сол түні әйелдерімен шынымен жанжалдасқанын айтқан.
Оқиға жайлы ести сала ер адам өзенге бірден секірген. Алайда өзі де әрең дегенде аман қалған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған, күдіктіге ешқайда кетпеу туралы қолхат берілген. Бірақ ақыр соңында ешкім жазаланбады. Баланы полиция да, құтқарушылар да таба алмаған. Қайғыны көтере алмаған әкесі кейін көз жұмған.
Жақында қыздың туыстары іс материалдарымен танысу үшін қайтадан полицияға жүгінген. Құқық қорғау органдары әзірге нақты мәлімет таратқан жоқ. Тоғыз жыл бұрын болған оқиға қайтадан зерделеніп жатыр.
«Ол баланы суға батырдым дейді. Біз бұған сенбейміз. Мүмкін сатып жіберген шығар, біреуге беріп жіберген шығар деп ойлаймыз. Негізі іс архивке тапсырылған – қанша жыл өтті. Менің ағам да қайтыс болғанына бес жыл болды. Айшамызды тауып, бізге көмектессе екен дейміз», – дейді қыздың апайы Зарина Серікбосынова.