Атырауда жоғары сынып оқушысы 12 жастағы қызды пышақпен жарақаттады
Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді
Атыраудағы мектептердің бірінде төтенше жағдай болды. Оқушы сегізінші сыныпта оқитын қызды жарақаттаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәлімет бойынша, жоғары сынып оқушысы оқу орнының дәлізінде 12 жастағы оқушы қызға пышақпен шабуыл жасаған. Қыздың бірнеше жерінен пышақ жарақатын алғаны белгілі болды. Ол облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды.
Полицияның мәліметінше, күдікті ұсталып, ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілген.
«Барлық процессуалдық әрекеттер оның заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті тергеу амалдарын атқаруда. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп мәлімдеді Полиция департаментінен.
Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылды.
Зардап шеккен қызға дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алғашқы тексеру мен шұғыл медициналық көмектен кейін ол әрі қарай бақылау және ем алу үшін Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты деп бағалануда.
«Ол медицина мамандарының тұрақты бақылауында және қажетті медициналық көмектің толық көлемін алып жатыр. Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көрсетілуде. Жағдай бақылауда», – дейді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.