Ақтөбеде бала күтуші әйел иесінің әшекейлерін ұрлап кеткен: ол енді 7 жылға сотталуы мүмкін

Автор: Асыл Арман

Ол өзінің қылмысын мойындады

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе қаласында полицейлер бала күтуші болып жұмыс істеген 30 жастағы әйелді зергерлік бұйымдарды ұрлады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті мәліметінше, әйел адам биыл қаңтар айында бала күтуші болып жұмысқа орналасқан. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жұмыс берушілердің сеніміне кіріп, үй иесінің алтын әшекейлерін жасырын түрде ұрлап отырған.

Көпбалалы ана бағалы заттардың жоғалғанын наурыз айында байқап, полицияға жүгінген. Белгілі болғандай, отбасы бала күтушіні әлеуметтік желідегі хабарландыру арқылы тапқан. Бұрын таныс болмаған.

Күдікті әшекейлердің қай жерде сақталғанын білген соң, оларды біртіндеп үйден ұрлап, ломбардқа тапсырғанын мойындаады. Ал түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Ұрланған заттардың арасында алтын сырғалар, алқа және сақиналар болған. Келтірілген шығын көлемі шамамен 3 миллион теңгені құрайды.

Аталған дерек бойынша ірі көлемдегі ұрлық фактісімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.