Ақтөбе облысында екі күн ішінде адам сенгісіз қылмыстардың беті ашылды (ВИДЕО)
Облыстық Полиция департаменті арнайы хабарлама жариялады
Ақтөбеде облысында екі күн ішінде полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сату бойынша 22 деректі, ұсақ бұзақылықтың 43 дерегін, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 25 дерегін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен қатар, екі күн ішінде 26 шетел азаматы Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған, олардың алтауы ел аумағынан шығарылды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылуда. Полицейлер жолдың қарсы бағытына шығудың 10 дерегін, сондай-ақ көлік құралын мас күйінде басқарған 12 жүргізушіні анықтады.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз айналымға салды деген күдікпен Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады. Тергеу әрекеттері кезінде күдіктінің автокөлігінен ұнтақ зат салынған 8 орам табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 6,47 грамм болатын синтетикалық психотроптық зат екені анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.