Биыл осындай әлеуметтік төлемдердің көлемі 10 пайызға ұлғайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында Қазақстандағы әлеуметтік көмек жайлы сөз қозғай отырып, әлем елдеріндегі жағдаймен салыстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға жыл басында қол қойдым. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің көбінде мұндай норма жоқ. Сонымен қатар басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан халқына ақысыз медициналық көмек алуға заңмен кепілдік берілген. Тек былтырдың өзінде 3,6 миллион адам мемлекет есебінен ақысыз дәрі-дәрмек алған.
Елімізде Әлеуметтік сақтандыру жүйесі тиімді жұмыс істеп тұр. Жұмыссыз қалған, асыраушыдан айрылған және еңбекке жарамсыз адамдарға арнайы көмек беріледі. Биыл осындай әлеуметтік төлемдердің көлемі 10 пайызға ұлғайды. Бүгінге дейін 660 мыңнан астам адамға шамамен 70 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Осы жылы жәрдемақының барлық түрінің, базалық және ортақ зейнетақының мөлшері 10 пайызға көбейді», – дейді президент.
Ол сөзін жалғай отырып, осының бәрі Қазақстанда дүниеге келгеннен бастап өмір бойы берілетін әлеуметтік көмектің аздаған бөлігі ғана екенін айрықша атап өтті.
«Өкінішке қарай, мемлекеттің мұндай қолдауын көпшілік тиісті деңгейде бағалай бермейді, оны солай болуға міндетті деп қабылдайды, аспаннан шұға жауғандай көреді. Халықаралық сарапшылар үкіметтерге қоғамда жалқаулық белең алып, азаматтардың жұмыс қабілетінің төмендеуі мүмкін екені туралы ескертуде. Айтпақшы, жақында әйгілі Илон Маск осы тақырыпта сөз сөйлеп, әлеуметтік жүйелердегі «шектен тыс жомарттықтың» зиянын жеткізді. Осы тектес болжамдар мен мәлімдемелерді жиі көреміз.
Сонымен қатар кейбір ар-ұяты жоқ адамдар, қарапайым тілмен айтқанда, алаяқтар, ешқандай құқығы болмаса да әлеуметтік көмек алудың қылмыстық жолдарын жасаған. Бұл жөнінде бұған дейін де айтқанмын. Мұндай қылмыскерлер ең әуелі мемлекеттік қолдауға шын мұқтаж жандарды тонап отыр. Сондықтан әлеуметтік көмекті тиісті адресіне жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргіземіз.
Шетелдіктер еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесі осыншама жоғары деңгейде екеніне таң қалады. Себебі мұндай көмек кез келген елде көрсетіле бермейді. Ашығын айтсақ, кейбір мемлекеттер осындай қолдау жасауға құлықты емес», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөз арасында Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, былтыр табысы төмен және орташа елдерде тұратын 1,6 миллиард адам әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізе алмағанын тілге тиек етті.
«Цифрлық кедергілер де әлеуметтік теңсіздікті күшейте түсті. Елімізде әлеуметтік желілер мен заңды онлайн-қызмет түрлерінің бәрі ешқандай шектеусіз жұмыс істеп тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың ашықтығын және қоғамда пікір алуандығы бар екенін аңғартады. Бұдан бөлек, Қазақстан электронды үкімет жүйесі және қаржылық технологияны дамыту бойынша ең ілгері елдердің бірі саналады.
Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Цифрландыруды және жасанды интеллектіні жаппай енгізуді жалғастыра береміз. Бұл міндетті стратегиялық мағынаға ие мәселе ретінде қабылдауымыз керек. Өйткені, бұл – заман талабы, сондай-ақ, өсіп-өркендеуге, мемлекеттің тиімділігін арттыруға жол ашатын аса маңызды қадам. Бір сөзбен, әлемдегі күрделі геосаяси ахуал мен ел ішіндегі өзекті түйткілдерге қарамастан, Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, нық сеніммен алға қадам басып келеді», – дейді мемлекет басшысы.