Бұл өте маңызды қадам
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат институттарының жауапкершілігін күшейту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Референдумға шығарылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады деп көрсетілген. Бұл қадам саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының сапасын арттыратыны күмәнсіз.Мұндай ұстаным озық халықаралық тәжірибеге толық сай келеді. Біз көптеген мемлекеттердің пропорциялы сайлау жүйесіне көшіп жатқанын көріп отырмыз. Дамыған елдерде де осындай жүйе бар. Себебі бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті. Конституция жобасын әзірлеу кезінде кейбір партия барлық деңгейдегі мәслихаттарды да осы жүйемен жасақтауды ұсынды. Бірақ менің бұл мәселеге қатысты көзқарасым – нақты. Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталады. Бұл – өте маңызды», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, осындай әдіс әртүрлі кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, олардың деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Себебі дәл осы мәслихат депутаттары жергілікті жерде сайлаушылармен үнемі байланыста болып, қоян-қолтық жұмыс істейді. Сонымен бірге мұндай жүйе ешқандай партияға кірмейтін, бірақ халық сенетін іскер азаматтар үшін тағы бір тиімді саяси баспалдақ болмақ. Сол арқылы мәслихаттардың рөлі арта түседі», – деді ол.