Бірінші ауысым онлайн форматта білім алады
Астанада қатты желге байланысты 12 наурыз күні барлық мектеп оқушылары мен колледждердің 1–2 курс студенттері (9 сынып негізінде оқитындар) бірінші ауысымда қашықтан оқытуға көшірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ауа райының қолайсыздануына (желдің күшеюіне) байланысты 2026 жылғы 12 наурызда 0–11 (12) сынып оқушылары және колледждердің 1–2 курс студенттері (9 сынып негізінде) бірінші ауысымда қашықтан оқу форматына ауыстырылады», – делінген Астана қаласы Білім басқармасының хабарламасында.
Еске салайық, 12 наурыз күні Астанада, Алматыда, Шымкентте және Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланған. Синоптиктердің мәліметінше, қар, боран, көктайғақ пен тұман күтіледі.