Алаяқтық жасап, 51,2 млн теңге ұрлаған: Жамбыл облысында ерлі-зайыпты 2 жылдан сәл асатын мерзімге сотталды

Автор: Асыл Арман

Ол ыдыс-аяқ сатамыз деп жұртты алдаған

Фото: freepik.com

Жамбыл облысында интернет-алаяқтық жасаған ерлі-зайыптыларға үкім шығарылды. Байзақ аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 4) тармақтары бойынша өңірдің екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотталушылар 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз пайда табу мақсатында «WhatsApp» мессенджерінде ыдыс-аяқ және өзге де тұрмыстық тауарларды төмендетілген бағамен сату туралы хабарландырулар жариялаған. Заңды қызметтің көрінісін жасап, сатып алушылардың сеніміне кіру үшін алғашқы клиенттерге тауарларды нақты жеткізген. Кейіннен басқа азаматтардан тапсырыс қабылдап, ақшалай қаражатты алғанымен, тауарларды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамаған, алынған қаражатты өз қалауларынша пайдаланған.

Қылмыстық әрекеттер салдарынан 112 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 51 288 146 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.

«Сот талқылауы барысында сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін білдірді. Сот үкімімен күйеуі 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылса, жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.

Жамбыл облысының прокуратурасы азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде қырағылық танытуға, бағасы едәуір төмен ұсыныстарға тиісті кепілдіктер мен құжаттарсыз сенбеуге, ал алаяқтық деректері туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады», – делінген прокуратура хабарламасында.