Ол осы қылмысы үшін 4,8 жылға түрмеге қамалды
Маңғыстау облысында ер адам қарызға ақша бермеген танысына пышақ сұғып алды. Ол енді осы ісі үшін жазасын түрме өтейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау аудандық сотының мәліметінше, ер адам автожуу орындарының бірінде танысынан қарызға ақша сұраған. Алайда жәбірленуші өзінде ақша жоқ екенін айтқан. Осыдан кейін ол асүй пышағын алып, қарыз бермеген адамның сол жақ жамбасына сұғып алған.
Оған суық қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі) бойынша айып тағылды. Прокурор соттан оны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған.
Жәбірленуші сотта материалдық және моральдық шығын толық өтелгенін айтып, айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындады.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, сондай-ақ оның кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерді.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.