Иранның БАӘ-ге жасаған қарымта шабуылынан 6 адам қаза тапты

Автор: Асыл Арман

Иран шабуылдары басталғалы бері барлығы 262 баллистикалық зымыран тіркелген

Фото: haberler.com

Біріккен Араб Әмірліктері Иранның қарымта соққылары салдарынан елде 6 адамның қаза тапқанын, тағы 122 адамның жараланғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

БАӘ-нің қорғаныс министрлігі таратқан жазбаша мәлімдемеге сәйкес, Иранның соққыларынан түрлі ұлт өкілдерінен құралған 122 адам жеңіл және орташа жарақат алған.

Мәлімдемеде Иран шабуылдарының салдарынан барлығы 6 адамның қаза тапқаны айтылған. БАӘ-нің әуе қорғаныс жүйелері 10 наурыз күні ұшырылған 9 баллистикалық зымыранды анықтап, олардың 8-ін жойған, ал бір зымыран теңізге құлаған.

Сондай-ақ БАӘ аумағына бағытталған 35 ұшқышсыз ұшу аппаратының 26-сы залалсыздандырылып, 9-ы ел аумағына құлаған. Иран шабуылдары басталғалы бері барлығы 262 баллистикалық зымыран тіркелген. Оның 241-і жойылып, 19-ы теңізге құлаған, ал 2-еуі ел аумағына түскен.

Қақтығыс басталғалы Иранға тиесілі 1475 ұшқышсыз ұшу аппараты анықталған. Оның 1385-і атып түсірілген, 90-ы ел аумағына құлаған. Сонымен қатар 8 қанатты зымыран жойылған.

Айта кетейік, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның БАӘ-ге жасаған шабуыл әрекетін айыптағаны хабарланған.