Burger King айналасындағы жанжалдан кейін еңбек инспекциясы заңбұзушылықтарды анықтады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Алматыда жүргізілген тексеру жалақыдан заңсыз ұстап қалу мен еңбекақыны кешіктіру фактілерін әшкереледі

Фото: istockphoto.com

Алматыда Burger King Kazakhstan компаниясына қатысты еңбек заңнамасының бұзылуы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті "QSR" ЖШС қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру компания қызметкері Қаратай Әлібектің өтініші негізінде басталған. Ведомство мәліметінше, тексеру барысында өтініште көрсетілген жайттар толық расталған.

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің дерегіне сәйкес, тексеру нәтижесінде жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын жүйелі түрде бұзу фактілері анықталған. Атап айтқанда, қызметкерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұстап қалу, еңбекақыны кешіктіру, нақты жұмыс істеген уақытты дұрыс есепке алмау және мереке мен демалыс күндері атқарылған еңбек үшін жоғарылатылған мөлшерде ақы төлеу талаптарының сақталмауы тіркелген. Сонымен қатар ауысым кестелері қызметкерлерге заңда белгіленген мерзімнен кеш берілгені белгілі болды.

Тексеру барысында жұмыс беруші тарапынан еңбек қауіпсіздігі талаптарының да сақталмағаны анықталған. Компания қызметкерлерді арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етпеген, сондай-ақ персонал еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамадан өтпей-ақ жұмысқа жіберілген.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша "QSR" ЖШС-не анықталған барлық заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берілді. Сонымен қатар заңды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жағдай еңбек құқықтары толық қалпына келтіріліп, берілген нұсқама талаптары орындалғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Burger King Kazakhstan компаниясында аутизмі бар қызметкердің еңбек жағдайына қатысты жанжал қоғамда қызу талқыланған еді. Әлеуметтік кәсіпкер және аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Қаратай Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында аутизмі бар ұлы Әлібектің шамамен 4 жыл бойы Burger King мейрамханасында аспаз болып жұмыс істегенін, ұжымға бейімделіп, еңбек тәртібіне үйренгенін айтқан. Оның айтуынша, компания басшылығы ауысқаннан кейін қызметкерлерге қатысты жағдай өзгерген.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қоғамда еңбек құқықтары мен жұмыс жағдайына қатысты қызу пікірталас туғызды.