Алаяқтықтың жаңа айласы: “жасыл энергетикаға инвестиция” деп 380 қазақстандықты алдаған
USDT криптовалютасы арқылы ақша жинаған күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр
Астанада “Sirius Energy” атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды. Алаяқтық схеманың салдарынан 380 қазақстандық зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Sirius Energy қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
ҚМА мәліметінше, күдікті өзін чилилік “Sirius Energy” компаниясының өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды жаңартылатын энергия көздері саласындағы жоғары табыс әкелетін жобаларға инвестиция салуға үгіттеген. Ол салымшыларға қысқа уақытта үлкен пайда табуға болатынын айтып, түрлі презентациялар мен кездесулер ұйымдастырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, салымшылардан қаражат тек USDT криптовалютасы арқылы қабылданған. Инвесторларға арналған жеке кабинеттер ашылып, онда шартты түрде есептелген бонустар көрсетілген. Осылайша қатысушыларға жоба табысты жұмыс істеп жатқандай әсер қалыптастырылған.
Салымшыларды тарту үшін күдікті Алматы мен Астана қалаларында кеңсе ашып, тұрақты түрде оқыту семинарлары мен кездесулер өткізген. Сонымен қатар Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде белсенді жарнама жүргізілген. Қызметтің заңды екенін көрсету мақсатында үшінші тұлғаның атына ЖШС тіркелгенімен, іс жүзінде ешқандай нақты қызмет көрсетілмеген.
Аталған схема салдарынан 380 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналған. Зардап шеккендердің бірі жоғары табыс туралы уәдеге сеніп, жобаға ақша салу үшін 3 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Алайда салынған қаражат бойынша ешқандай төлем жасалмаған, енді ол несиені пайызымен бірге өз қаражатынан өтеуге мәжбүр.
Қазіргі уақытта сот санкциясымен күдіктінің банк шоттарына тыйым салынды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.