Тиісті күтім мен бақылау болмаған: 7 жасар қазақстандық Грузиядан қайтарылды
Қазіргі уақытта қыз бала қауіпсіз жағдайда
Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде 7 жастағы Қазақстан азаматы елге қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қыз баланы елге қайтару шаралары алты ай бойы жүргізілді. Осы кезеңде тиісті мемлекеттік органдар арасында келіссөздер өтіп, грузин тарапының құзырлы мекемелерімен байланыс орнатылды. Қажетті құжаттар рәсімделіп, барлық рәсімдер заңнамаға сәйкес жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, мамандар баланы тапсыру рәсіміне құқықтық тұрғыда сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз етті.
Ведомствоның ақпаратынша, кәмелетке толмаған қыз бала шетел аумағында заңды өкілдерінің тиісті күтімі мен бақылауынсыз болған. Осыған байланысты ол уақытша арнайы мекемеге орналастырылған.
Қазіргі уақытта қыз бала қауіпсіз жағдайда. Оған қажетті психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.
Сонымен қатар заң талаптарын сақтай отырып және баланың мүддесін ескере отырып, оны әрі қарай отбасына орналастыру мәселесі қарастырылуда.
Оқу-ағарту министрлігінде баланың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында оның жеке деректері, шетелде болу жағдайлары және басқа да мәліметтер құпия болып саналатынын әрі жарияланбайтынын атап өтті.