Каспийдің тартылуы қашан тоқтайды: эколог теңіздің болашағы жайлы айтты

Автор: Асыл Арман

Бұрын теңіз деңгейі жылына 25-30 сантиметрге төмендесе, қазір бұл көрсеткіш 15-17 сантиметрді құрап отыр

Фото: istockphoto.com

Каспий теңізінің тартылуы әлі де жалғасып жатқанына қарамастан, теңіз деңгейінің төмендеу қарқыны баяулаған. Бұл туралы Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы География институты бөлімінің меңгерушісі, эколог Энвер Әлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Сaliber.az басылымына сілтеме жасап.

Энвер Әлиевтің айтуынша, соңғы үш жылда жүргізілген бақылаулар Каспий теңізі деңгейінің төмендеу жылдамдығы азайғанын көрсетеді. Бұрын теңіз деңгейі жылына 25-30 сантиметрге төмендесе, қазір бұл көрсеткіш 15-17 сантиметрді құрап отыр.

Әзербайжан ғалымдары соңғы зерттеулердің нәтижелеріне және Каспий теңізін 200 жыл бойы жүргізілген ғылыми бақылаулар деректеріне сүйене отырып, 2040-2050 жылдарға қарай теңіз деңгейінің төмендеу кезеңі тоқтайды деген болжам жасап отыр.

«Бұл жағдай бұдан да ертерек, тіпті алдағы бес жылдың ішінде де болуы мүмкін. Одан кейін теңіз суының деңгейі қайта көтеріле бастайды. Дегенмен Каспийдің бұрынғы жоғары деңгейіне қайта жетуі, әрине, бір-екі жылдың ішінде жүзеге аспайды», – деді Энвер Әлиев.