Оралда әйел адам тісін емдетемін деп ажал құшты: тіс дәрігері сотталмайтын болды
Қайғылы жағдай сотта қаралды
Орал қаласында жеке стоматологиялық клиникада тісін емдеткеннен кейін қайтыс болған әйелге қатысты іс қаралып аяқталды. Айыпталушылар орындығында дәрігер Алма Ілиясова отырды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы – «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Үкімді судья Айзада Жұмағұлова жариялады.
Айта кетерлігі, қайғылы оқиға 2022 жылдың шілде айында болған. Орал қаласының тұрғыны Марьям Мұқанова тісін емдету үшін тіс емханасына жүгінген. Анестезия қолданылған ем-шарадан кейін әйелдің жағдайы нашарлап, басы айналып, басы қатты ауырған.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі әйелді ауруханаға жеткізген. Алайда екі аптадан кейін ол ауруханада көз жұмды.
Аталған факті бойынша медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкелу дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Сот барысында медициналық көмек көрсету жағдайлары мен стоматологтың әрекеттері жан-жақты қаралды. Алма Ілиясованың айтуынша, марқұмның созылмалы аурулары болған, алайда алдын ала жүргізілген сауалнама кезінде ол бұл туралы айтпаған.
Нәтижесінде сот бұл іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен деген қорытындыға келді. Осыған байланысты стоматолог Алма Ілиясова қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс өндірісі тоқтатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.