Әлемдік нарықта мұнай бағасы 100 доллардан асты
Баға төрт жылда алғаш рет рекордтық көрсеткішке жетті
Соңғы төрт жылда алғаш рет қара алтын құны рекордтық көрсеткішке жетті. Шикізат нарығының күрт құбылуына Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы әсер еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
9 наурызда өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша, мұнай бағасы соңғы рет 2022 жылы тіркелген межеден асып түсті. Нарықтағы көрсеткіштер мынадай:
Brent маркалы мұнайдың құны 17% өсіп, барреліне $108,17 құрады.
WTI мұнайы 19% қымбаттап, $107,82 деңгейіне жетті.
Бағаның мұндай қарқынмен өсуіне Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі тікелей әсер етті. Демалыс күндері АҚШ пен Израиль Тегерандағы стратегиялық нысандарға, соның ішінде мұнай қоймаларына соққы жасаған болатын.
Қазіргі таңда әлемдік мұнай тасымалының күретамыры саналатын Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық тұр. Иран бұл бағытты бұғаттауының салдарынан миллиондаған баррель мұнай мен сұйытылған табиғи газ діттеген жеріне жете алмай қалды. Әлемдегі бүкіл мұнай тасымалының 20% осы бұғаз арқылы өтеді.
Логистикалық қиындықтарға байланысты БАӘ мен Кувейт мұнай өндіруді қысқартатынын ресми түрде жариялады. Себебі, дайын өнімді жөнелту мүмкін емес, ал алып қоймаларда артық шикізатты сақтауға орын қалмаған.
Экономикалық сарапшылар жағдай бұдан да қиындауы мүмкін екенін ескертеді. Егер Ормуз бұғазы наурыз айының соңына дейін ашылмаса, нарықта жаңа антирекорд орнауы ғажап емес. Мұндай жағдайда мұнай бағасы 150 доллардан асып жығылуы мүмкін.