Өңірлерде жаңбыр, көктайғақ және қатты жел күтіледі
«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылғы 9 наурызға арналған дауылды ескерту жариялады. Еліміздің үш мегаполисі мен 16 облысында қар, жаңбыр, көктайғақ және қатты жел күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ертең елордада қар жауып, боран соғады. Жолдарда көктайғақ болып, желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.
Алматы қаласында жел күшейіп, таулы аудандарда (Медеу, Бостандық) оның жылдамдығы 23-28 м/с дейін жетуі мүмкін.
Шымкентте күндіз нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Тұман түсіп, жел күшейеді.
Солтүстік пен орталық өңірлерде қыс қайта қаһарына мінеді. Қостанай облысында ауа температурасы күрт төмендеп, түнде 33 градус аяз болады. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында боран соғып, көктайғақ болады деп болжануда.
Түркістан және Жамбыл облыстары: таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы 28 м/с дейін күшейеді.
Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан: батыста қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Атырауда желдің екпіні 25 м/с жетеді.
Ақтөбе облысы: Күндіз облыстың батысы мен орталығында қалың қар жауады деп күтілуде.
Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында жауын-шашын болып, тұман түседі. Семей және Өскемен қаласында көктайғақ болуы ықтимал. Жетісу облысының Алакөл маңында желдің екпіні 28 м/с дейін күшейеді.