Жарияланым авторы ақпараттың жалған екенін мойындады
Әлеуметтік желілерде референдумға арналған «дайын бюллетеньдер» туралы жалған ақпарат таратқан Алматы қаласының тұрғыны анықталды. Алматы қалалық Полиция департаменті бақылау барысында заңсыз ақпаратты әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру кезінде таратылған деректердің ресми дауыс беру бюллетеньдеріне еш қатысы жоқ екені белгілі болды. Желі қолданушысы «толтырылған бюллетень» деп көрсеткен қағаздар шын мәнінде ақпараттық кітапша мен жадынамалар болып шықты.
Тексеру барысында жарияланым авторы ақпараттың жалған екенін мойындады. Жалған мәлімет таратқаны үшін әйел Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Желідегі жалған жазба толығымен жойылды.
Тәртіп сақшылары қазақстандықтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады. Тексерілмеген ақпаратты бөлісудің соңы жаман болуы мүмкін.
«Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР заңнамасында әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған», – деп ескертті департамент өкілдері.