Сыртқы істер министрі кувейттік әріптесімен Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады
Олар телефон арқылы сөйлесті
Қазақстан мен Кувейт сыртқы саяси мекемелерінің басшылары Таяу Шығыстағы шиеленісті талқылады. Бүгін, 8 наурызда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев кувейттік әріптесі шейх Джаррах Джабер әл-Ахмад ас-Сабахпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Телефон арқылы сөйлесу барысында олар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерге тоқталды. Әңгіменің негізгі өзегі — Таяу Шығыстағы күрделі жағдай болды.
Ермек Көшербаев аймақтағы әскери күш қауіпті деңгейге жетуіне байланысты еліміздің алаңдаушылығын білдірді. Министр Қазақстанның ресми ұстанымын нақтылап өтті:
Кез келген қақтығыс тек келіссөздер арқылы шешілуі тиіс;
Барлық іс-қимыл халықаралық нормаларға сәйкес келуі қажет;
Аймақтағы жағдайды тұрақтандыру үшін әскери күш қолдануды тоқтату маңызды.
Министрлер Қазақстан мен Кувейт арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға уағдаласты. Тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды жандандыруға ниетті екендіктерін растады.
«Қазақстан тарапы Таяу Шығыстағы дағдарысты бейбіт жолмен реттеудің маңыздылығын айтты», — делінген министрлік хабарламасында.