Әр балаға табысқа қарамастан 1200 сом беріледі
Қырғызстанда 3 жасқа дейінгі барлық балаға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Халықаралық әйелдер күні қарсаңында тиісті жарлыққа қол қойды. Президенттің ресми сайтының мәліметінше, жаңа әлеуметтік төлем «Бала ырысы» деп аталады және ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап беріле бастайды.
Жаңа тәртіп бойынша жәрдемақы әр балаға отбасының табыс деңгейіне қарамастан төленеді. Ай сайынғы төлем көлемі 1200 сомды құрайды. Бұл шамамен 6780 теңгеге тең.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың айтуынша, бұл шешім азаматтардың көптеген өтініштері негізінде қабылданған. Мемлекет басшысы баланың өмірінің алғашқы жылдары оның физикалық және зияткерлік дамуы үшін аса маңызды кезең екенін атап өткен. Осы себепті мемлекет отбасыларға дәл осы уақытта қолдау көрсетуді күшейтуді жөн көрген.
Президент қазіргі жәрдемақы жүйесіне қатысты шағымдардың аз емес екенін де айтқан. Оның сөзінше, көптеген аналар қажетті әлеуметтік көмекті алу үшін күрделі бюрократиялық рәсімдерге тап болады. Әсіресе бұл мәселе емшектегі сәбилерге қатысты болған жағдайда орынсыз кедергілер туғызады.
Садыр Жапаров мемлекет үшін кейбір ауқатты отбасыларға артық төлем жасалуы мүмкін екенін, алайда соның есесіне шын мұқтаж бірде-бір бала көмексіз қалмауы маңызды екенін атап өтті. Оның мәліметінше, жаңа жәрдемақы балалар арасындағы кедейлік деңгейін азайтып, отбасыларға баланың өмірінің ең маңызды кезеңінде кепілді қолдау көрсетуге бағытталған.
Қырғызстан Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сәйкес, елде 3 жасқа дейінгі шамамен 445 мың бала бар. Жаңа төлем осы санаттағы барлық балаға арналған әлеуметтік қолдау тетігі ретінде енгізіліп отыр.