Павлодарда дәрігерлер кішкентай баланың асқазанынан бұранда алып шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Дәрігер өткір заттардың қауіптілігі туралы ескерту жасады

Фото: видеодан скриншот

Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері кішкентай баланың асқазанынан бұранда алып шықты. Анестезиолог-реаниматолог Мерхат Әміренов ата-аналарға үйдегі ұсақ әрі өткір заттардың қауіптілігі туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Мамандардың айтуынша, балалардың асқазанынан тиын, батарея немесе магнит сияқты заттар жиі табылады. Алайда, ең қауіптісі бұрандалар мен өздігінен бұралатын шегелер. Мұндай оталар дәрігерден жоғары дәлдік пен шеберлікті талап етеді.

«Балалардың асқазанынан неше түрлі заттарды шығаруға тура келеді. Бірақ ең қауіптісі өткір заттар. Ішкі мүшелерге зақым келтірмеу үшін бала міндетті түрде седация күйінде болуы тиіс. Бір қате қимыл өңешті зақымдап, баланы өмір бойы мүгедек етіп жіберуі мүмкін», — дейді Мерхат Әміренов.

Дәрігерлер мұндай қауіпті жағдайларды болдырмау үшін келесі сақтық шараларын сақтауды сұрайды:

1. Бұранда, шеге және басқа да өткір тұрмыстық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек;

2. Ойыншық бөлшектерінің оңай ажырап кетпейтініне көз жеткізу;

3. Мұқият болу: Баланың немен ойнап отырғанын үнемі қадағалау қажет.