Синоптиктер елдің басым бөлігінде қар, тұман мен желдің күшеюі күтілетінін ескертті
Қазақстанның бірқатар өңірінде 7 наурызда ауа райы күрт өзгеріп, қолайсыз метеорологиялық құбылыстар күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, елдің көптеген облыстарында қар, жаңбыр аралас жауын-шашын, көктайғақ, тұман, жаяу бұрқасын және екпіні 15–28 м/с дейін жететін жел болжанып отыр.
Астанада түнде аздаған қар жауып, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Сондай-ақ жаяу бұрқасын мен көктайғақ болуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с дейін күшейеді.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында қар, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болжанып отыр. Кей жерлерде тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін жетеді. Қарағанды қаласында түнде қар мен көктайғақ күтіледі.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қар аралас жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ болады. Кейбір аудандарда желдің екпіні 23–28 м/с дейін күшеюі мүмкін. Петропавл мен Көкшетауда да қар, бұрқасын және көктайғақ болжанып отыр.
Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, жаяу бұрқасын және тұман күтіледі. Кей жерлерде көктайғақ болуы мүмкін.
Атырау және Маңғыстау облыстарында тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Желдің бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, кей аудандарда 15–20 м/с дейін күшейеді.
Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ таулы және тау бөктеріндегі аудандарда тұман, көктайғақ және желдің күшеюі күтіледі. Алматы қаласында түнде және таңертең жолдар тайғақ болып, кей уақытта тұман түсуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында да тұман болжанып отыр.
Түркістан облысының бірқатар ауданында, әсіресе таулы аймақтарда көктайғақ пен тұман күтіледі. Тау асуларында желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетуі ықтимал. Шымкент пен Түркістан қалаларында түнде және таңертең тұман болуы мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының нашарлауына байланысты сақтық шараларын күшейтіп, жол қозғалысында мұқият болуды ескертеді.