Атырау облысында тасқын қаупі: Қиғаш өзені бақылауға алынды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Атырау облысында өзен арналары тереңдетіліп, су өткізу мүмкіндігі арттырылуда

Фото: Ақорда

Атырау облысының Құрманғазы ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Қиғаш өзені мен оған жалғас каналдардың арналары тереңдетіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аудан әкімдігі мәліметінше, өңірде су деңгейін реттеу және гидрологиялық жағдайды жақсарту мақсатында екі ірі жоба іске асырылуда. Олар «Атырау облысы шегінде Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту №2» және «Жарқосын және Ганюшкин каналдарын тереңдету (теңіз бөлігі)» жобалары.

Бұл жұмыстарды «Bertys Construction» ЖШС атқарып жатыр. Келісімшарт бір көзден жасалған. Жобаларды жүзеге асыруға шамамен 40 млрд теңге қарастырылған.

Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиевтің айтуынша, Қиғаш өзенінің түбін тереңдету жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған.

«Қиғаш өзенінің түбін тереңдету жұмысы былтыр қараша айында басталды. Қазір аудандағы Шора өзенінің Көкарна, Сұрхан, Тухлый, Қызылжар деп аталатын каналдар тереңдетіліп жатыр. Жалпы 128 шақырым қазылу керек. Бүгінде 60 шақырымнан аса арна қазылды»,- деді аудан әкімі Абат Жанғалиев.

Әкімдіктің ресми дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта 2 канал толық тереңдетіліп, тағы 5 канал бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Мәселен, Құрманғазы ауылындағы Ягодный каналында 6 047 м, Алға ауылындағы Сүрхан каналында 3 473,74 м арна толықтай тазартылған. Сонымен қатар Нұржау ауылындағы Көкарна каналында 6,1 км, Орлы ауылындағы Қызылжар каналында 9,7 км, Тухлый каналында 6,3 км жер қазылған.

Қадырка ауылындағы Кадыр каналында 4,25 км арна тереңдетіліп, бұл жұмыстарға 9 техника, оның ішінде 8 экскаватор мен 1 земснаряд тартылған. Ал Мақаш ауылдық округіне қарасты Көкарна каналында 2,3 км қазылып, 22 техника жұмыс істеп жатыр. Аудан басшысы көрші Ресей тарапымен де өзара байланыс орнатылғанын айтты.

«РФ-дағы әріптестерімізбен сөйлесіп отырмыз. Қызылсу көбірек келеді деген болжам бар. Соған сәйкес арналарды тезірек қазып, суды ұстап қалуға тырысып жатырмыз. Мердігер мекемеге мүмкіндігінше сол жұмыстарды тоқтатпай, күні-түні істеу туралы тапсырма бердік», - деді аудан әкімі Абат Жанғалиев.

Айта кетейік, жуықта облыс әкімі өңірдегі су тасқыны кезеңіне дайындық барысын арнайы жиында қарады.

«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мәліметінше, облыс өзендері бассейніндегі ылғалдану деңгейі 47%-дан 67%-ға дейін. Бұл көрсеткіш қалыпты деңгейден төмен. Былтырмен салыстырғанда жауын-шашын көлемі 51%-ға азайған.

Алдын ала болжам бойынша, Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Қызылқоға ауданындағы Сағыз өзенінде тасқын қаупі төмен. Сондай-ақ Қызылқоға, Мақат, Индер, Махамбет, Исатай аудандары және Атырау қаласы қауіп деңгейі төмен аумақтардың қатарында.