«Ата-анасын, бауырларын өлтіріп, денесін бөлшектеген»: Астана іргесіндегі жантүршігерлік оқиға жайлы не белгілі

Автор: Асыл Арман

Психикалық ауытқуы бар ер адам 1983 жылы туған

Фото: Видеодан скрин

Астана іргесіндегі Жібек жолы ауылында қайғылы жағдай. Бір шаңырақтың 4 бірдей азаматы кісі қолынан қаза тауып, бүтін бір әулеттің қабырғасын қайыстырды. Қаза тапқандардың ішінде 18 жастағы бойжеткен де бар. Қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікті ұсталып, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жан түршігерлік оқиға Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған. Туған-туыс, көршілерінің айтуынша туған баласы өз әке шешесін, туысқан қарындасын, туысқан ағасын аяусыздықпен өлтірген дейді. Оқиға орнына көрші-қолаң, туған-туыс жиналған. Марқұмдардың туыс әпкелері күдікке ілінген ер адам – 1983 жылғы азамат, оның психикалық ауытқуы бар екенін де айтып отыр.

«Ағам 1966 жылы туған, ал оның ұлы Юра – 1983 жылғы. Ол бұрыннан ажырасқан. Немересі Настя деген қыз бар, 18 жаста, медицина колледжінің бірінші курсында оқыған. Ол солармен бірге тұрған, демалыс күндері заттарын алып кету үшін келген екен. Ол есепте тұрған. Ағам бізде Новосібірде тұрады, ол соған қоңырау шалып, шағымданып жүрген. Мен: «Неге маған хабарласпады?» дедім. Маған айтқанда, мен оны бірден тиісті жерге орналастырар едім. Екі жыл бойы ол төсек тартып жатып қалды. Үшінші сыныпта оқып жүргенінде оны ақыл-ойы кем деп таныған», – дейді туысы Галина.

Ал іргелес орналасқан, 25 жыл бойы көрші болып келген тұрғындардың айтуынша, бірді-екілі жедел жәрдем көлігінің келгенін көргені болмаса, күдіктінің қандай да бір психикалық дерті бар екенін білмеген. Ата-аналарымен де жақсы араласыпты.

«Бұрыннан қызын, немересін танимыз. Дүкенге барғанда амандасамыз. Баласын былай сырттай көретінбіз, бірақ араласпайтынбыз. Өзіміз таңғалып отырмыз, баласы өзімен өзі жүретін. Иә, әрине қорқыныш бар, жанымызда сондай бір қылмыскер тұрғанына әлі күнге дейін сенбей отырмыз. Былай өзімен өзі жүрген ер адам еді», – көршісі Анаргүл Ибрайымбекова.

Қанды оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары былай дейді.

«Мессенджерлерде Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Жібек Жолы ауылында отбасының қатыгездікпен өлтірілгені туралы ақпарат тарауда. Хабарламаларда ұлы өз ата-анасы мен кіші қарындасын өлтірген болуы мүмкін екені айтылуда. Полиция департаменті аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қаза тапқандар саны нақтыланып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды», – дейді ПД.

Белгілісі, қазір қылмысқа қатысы бар деп танылған азамат қолға түсіп, қамауға алынды. Полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.