Олар FlyDubai, Air Astana және SCAT әуе компанияларымен ұшып келіп жатыр
Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары күшейтілді. Бір тәуліктің ішінде өңірден 7 эвакуациялық рейс ұшып, олардың көмегімен 1200-ден астам қазақстандық елге жеткізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, қазір отандастарды эвакуациялау жұмыстары мүдделі мемлекеттік органдардың, халықаралық серіктестердің және әуе компанияларының қатысуымен жүргізіліп жатыр.
3 наурызда “FlyDubai” әуе компаниясы Дубай – Астана және Дубай – Алматы бағыттары бойынша 2 рейс орындады. Осы рейстермен Қазақстанға барлығы 306 жолаушы жеткізілді. Оның ішінде 151 адам Астанаға, 155 жолаушы Алматыға келген.
Қазіргі уақытта “Air Astana” әуе компаниясы Сауд Арабиясынан жоспарланған рейстерді орындап жатыр. Медина қаласынан 290 орындық Airbus A320 әуе кемелерімен 2 рейс, ал Жидда қаласынан 339 орындық Airbus A321 ұшақтарымен тағы 2 рейс жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар “SCAT” әуе компаниясы Қазақстан азаматтарын алып келу үшін Алматы – Маскат (Оман) – Алматы бағыты бойынша арнайы рейс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 290 орындық Boeing-767 әуе кемесі Алматыдан жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-де ұшады.
Әуе компаниялары өңірдегі жағдайды ескере отырып, қазақстандықтарды елге қайтару рейстерін алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Осыған байланысты «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық ашты:
+7 7172 77 98 21
+7 7172 79 82 13
+7 7172 79 82 14
Рейстердің мәртебесі туралы ақпаратты келесі байланыс нөмірлері арқылы да білуге болады:
Air Astana: +7 727 244 44 77; +7 7172 58 44 77; +7 702 702 44 77
FlyArystan: +7 727 331 10 10; WhatsApp: +7 702 702 02 27
SCAT Airlines: +7 7252 99 88 80
Qazaq Air: +7 727 356 14 14
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы: +7 7172 702 999
Алматы халықаралық әуежайы: +7 727 228 00 19
Сонымен бірге жолаушыларға өзекті ақпаратты Қазақстанның Таяу Шығыс елдеріндегі дипломатиялық өкілдіктерінен нақтылау ұсынылады.
ҚР Көлік министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі әуе компанияларымен бірлесіп жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қазақстандықтарды елге қайтару бойынша қажетті шараларды қабылдауды жалғастырып жатыр.