Елордада құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін кешен салынады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді

Фото: www.instagram.com/altay_kulginov_official/

Нұр-Сұлтан қаласында қоқыс қалдықтарын жинайтын және оларды қайта өңдейтін алаң салынып жатыр. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Елорданың шеткері аймақтарына құрылыстық қоқыс заңсыз шығарылып жатыр. Бұл, экологияның нашарлауына және қоқыс тастауға рұқсат етілмеген орындар санының артуына алып келеді. Осындай фактілерге жол бермеу үшін қалада құрылыс қалдықтарын жинау және өңдеу үшін алаң құрылысы басталды. Сонымен бірге бұл «Северная гряда» карьерін одан әрі қалпына келтіруге мүмкіндік береді», - деп жазды ол.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді.

«Біріншіден, құрылыс қалдықтарын жинауға арналған бір ғана орталықтандырылған орын болады. Екіншіден, алаңда кірпіш, асфальт, бетон сияқты құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған ұсақтау кешенін орнату жоспарланған. Бұл, шикізаттың бір бөлігін қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалдықтарды кәдеге жарату процесін жеңілдетеді. Үшіншіден, қайта өңделген құрылыс қалдықтарын карьерді қалпына келтіру үшін де пайдалануға болады», - деді А.Көлгінов.