Прокуратура 3,5 млрд теңгеге қатысты алаяқтық бойынша мәлімдеме жасады

Автор: Асыл Арман

150-ден астам дроппер қолма-қол ақшаға айналдыруға тартылған

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысының прокуратурасы интернет кеңістігін мониторингтеу барысында криптооперациялар арқылы ақшаны жылыстатудың күмәнді схемаларын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыстық қудалау органына тиісті нұсқау берілді. Нәтижесінде, прокуратураның үйлестіруімен Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 150-ден астам дропперді қолма-қол ақшаға айналдыруға тартқан қылмыстық топты әшкереледі.

«Аталған тұлғалар өздерінің банк карталарына түскен қаражатты «ATAIX» криптобиржасы арқылы криптоәмияндарға аударып отырған. Ал қаражатты конвертациялау және шығару үшін қылмыстық топ өз бақылауындағы айырбастау пунктін пайдаланған.

Цифрлық активтерді өткізу бойынша жалпы айналым 3,5 млрд теңгеден асты. Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы, сондай-ақ 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді. Алты күдікті – ұйымдастырушылар мен дропповодтар ұсталып, қамауға алынды.

Қазіргі уақытта облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ҚР ҚК-нің 214, 262-бабы 1,2-бөліктері, 232-1 және 190-баптары бойынша (цифрлық активтер айналымы саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған және қылмыстық кірістерді заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету фактісі бойынша) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Іс облыс прокурорының бақылауында», – делінген прокуратура хабарламасында.

Айта кету қажет, өткен жылдан бастап Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімін орындау мақсатында өңірде «Ақтөбе – алаяқтықсыз аймақ» жобасы іске асырылып жатыр. Интернет-алаяқтықтың алдын алу аясында өңірде ауқымды ақпараттық науқан жүргізілді, 420 мыңнан астам «Altel» және «Tele2» абонентіне СМС-ескертулер жолданды.

Қосымша түрде «Қазақтелеком» АҚ қолдауымен кабельдік телевидение арқылы профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, 70 мыңға жуық үй қамтылды. Профилактикамен қатар нақты практикалық шаралар да қабылданып жатыр.

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласы прокуратурасының базасында алаяқтардың қоңырауларын бұғаттауға бағытталған Call-орталық жұмысы ұйымдастырылды. Қазіргі таңда шамамен 6 мың қоңырау тіркелді. Киберполиция 4 мыңнан астам күмәнді сайтты бұғаттады. Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары жалғасуда.