Абаттандыру ережелерін бұзудың 70 пайызынан астамы – аумақтарды уақытылы тазаламау оқиғалары
Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жыл басынан бері 6000-нан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды деп хабарлайды Polisia.kz.
– Күн сайын учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін учаскелерінде жеке үйлердің аулаларындағы тазалықты сақтау қажеттігі туралы – тұрғындармен, ал көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы тазалыққа қатысты – ПИК төрағаларымен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Сондай-ақ, аумақтарды таза ұстау, қоқысты шығаруға қатысты түсіндіру жұмыстары шағын және орта кәсіп иелерімен кездесу кезінде де айтылады», – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
Абаттандыру ережелерін бұзудың 70 пайызынан астамы – аумақтарды уақытылы тазаламау оқиғалары. Сондай-ақ, көшелерді, алаңдарды, жол үстін және адамдар демалатын орындарды ластаумен де байланысты заң бұзушылықтар бар. Соңғы уақытта қала тұрғындар осындай теріс әрекеттерді фотоға, видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялай бастады. Барлық факті бойынша Петропавл қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері уақытылы шаралар қабылдайды. Мәселен, осы аптада желі қолданушылары Жамбыл көшесіндегі 90-үйдің ауласындағы үйілген қоқысты ұялы телефонға түсіріп алып, желіде жариялаған. Тұрғындардың сөзінше, жөндеу жұмыстары жүргізіліп болған соң, қоқыс балалар алаңқайының жанында қалып қойған. Бұл іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ереже бұзушылар анықталды.
Еске салсақ, қалалар мен елдімекендердің аумағын абаттандыру ережелерін бұзу, сондай-ақ, инфрақұрылым объектілерін қирату, жасыл желекті жойып, зақым келтіргені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға ескерту мен айыппұл, кәсіпкерлік субъектілеріне – 30-дан 100-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемде (277 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады.