Қазақстанда зорлыққа ұшыраған балаларға кешенді көмек көрсететін арнайы кабинеттер ашылады

Автор: Асыл Арман

Сол сияқты буллингке ұшыраған балаларға да көмек көрсетіледі

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттері ашылатын болды. Бұл кабинеттерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Балаға қолайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамадан өтуге және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізуге дейінгі барлық қажетті қызмет бір жерде көрсетіледі. Бұл оның көптеген ұйымға бару қажеттілігін жойып, психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді.

«Аталған жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген. Норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Жақын арада кабинеттердің қызмет қағидалары бекітіліп, содан кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленді. Құжат осындай балаларды анықтау тәртібін, оларға көмек көрсету тетіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін айқындайды. Бұл ведомствоаралық жедел әрекет етуге және балаларға уақтылы кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік бермек», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.