АШМ Дүниежүзілік банктен берілетін несиенің қандай мақсатта жұмсалатынын түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Несие Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қолдауға жұмсалмақ

Ауыл шаруашылығы министрлігі Дүниежүзілік банктен берілетін несие қандай мақсатта жұмсалатынын түсіндірді деп хабарлайды Azattyq-Ruhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Дүниежүзілік банктің 500 млн. доллары Қазақстанға кезең-кезеңімен және Мал шаруашылығын тұрақты дамыту жобасын іске асырудың нақты нәтижелеріне қол жеткізілгеннен кейін ғана беріледі» делінген хабарламада.

Дүниежүзілік банк Қазақстанға көлемді несие беруге ниетті. Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы әзірлеген 2021-2025 жылдарға арналған мал шаруашылығының тұрақты даму жобасын іске асыруға 500 миллион доллар (459,8 миллион еуро) бөлінеді. ҚР Үкіметі атынан несие алушы – Қаржы министрлігі.

Дүниежүзілік банк жобасының негізгі мақсаты – экологиялық таза сиыр етін өндіруді және қазақстандық ет экспортын қолдау. Сол арқылы Қазақстан экономикасының өсуіне ықпал ету және ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту.

 Жоба аясында мынадай нәтижелерге жету жоспарланып отыр:

  • 20 мың фермерге несие беру;
  • 100 мың фермерге білім беру;
  • балама энергия көздерін қолдана отырып, мал шаруашылығының инфрақұрылымын дамыту үшін фермерлерге қаржылық қолдау көрсету;
  • сиыр етін импорттайтын елдердің талаптарына сәйкес мал шаруашылығы өнімдерін бақылау жүйесін құру;
  • жеке және тәжірибелі ветеринарларды шағын және орта фермаларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ, ветеринарлық іс-шараларға тарту.

 Жоба жоғарыда аталған іс-шараларды тікелей қаржыландыруды көздемейді. Несие Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қолдауға жұмсалады.

Сонымен қатар, оны жүзеге асыру кезінде Қазақстан үшін жаңа қаржы құралы – «Нәтижеге бағытталған бағдарлама» (Program-for-Results – PforR) аясындағы несие қолданылады.

Сондай-ақ, индикаторлар жетістігіне  аударылатын қаражат лимиті мемлекет жұмсаған қаражат көлеміне емес, мал шаруашылығы саласын дамытуға арналған индикаторлар жетістігінің көрсеткішіне  байланысты болады.