Аида Балаева мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева мәжіліс депутаттарының ауылдағы жұмыссыздықтың артуы мен халықтың кедейленуі туралы сауалына жауап берді. Үкімет субсидияланатын жұмыс орындарына қатысты шығарған шешімді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың IV тоқсанындағы мәліметі бойынша:
2025 жылы ауылдық жерлерде 174,7 мың адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған еді. Оның ішінде 107 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасса, 28,9 мың адам «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқыған.
Еңбек министрлігі бюджет қаражатының ұрлануын және «жалған жұмыспен қамтуды» болдырмау үшін субсидияланатын жұмыс орындарына қойылатын талаптарды күшейткен болатын. Алайда, бұл шешім қоғамда шиеленіс тудырды.
«Жаңа өзгерістерге байланысты Маңғыстау облысы мен Алматы қаласындағы үкіметтік емес ұйымдар мен жұмыссыздар тарапынан түсініспеушілік туындады. Соған байланысты 2026 жылғы 6 қаңтардан бастап енгізілген өзгерістердің қолданылуы 1 сәуірге дейін уақытша тоқтатылды», — деді Аида Балаева.
Қазіргі уақытта жұмыс орындары бұрынғы жеңілдетілген шарттармен ұйымдастырылып жатыр.
Биыл республика бойынша 102 мың адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған. Оның ішінде:
1. 55 мың адам – қоғамдық жұмыстарға жіберіледі.
2. 34 мың жұмыс орны – тікелей ауылдық округтер мен кенттерде ашылады.
3. Мүгедектігі бар жандар мен ауыл тұрғындары үшін ережелер қайта қарастырылып жатыр.
Депутаттар бұған дейін Еңбек министрлігінің жаңа талаптары ауылдағы жалғыз табыс көзі болып отырған қоғамдық жұмыстарды шектеп, кедейлікті арттыратынын айтып, дабыл қаққан болатын. Үкімет бұл ережелерді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп қайта қарауға уәде берді.