Әуежай әкімшілігі жолаушыларға кеңес берді
Астана халықаралық әуежайы Таяу Шығыс елдеріне және сол аймақ арқылы өтетін кейбір халықаралық рейстердің кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық әуежай өкілдерінің түсіндіруінше, рейстер кестесіндегі өзгерістер Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттегі ахуалдың тұрақсыздығына байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта әуе қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда.
Әуежай әкімшілігі жолаушыларға мынадай кеңестер береді: Әуежайға шықпас бұрын рейс мәртебесін алдын ала нақтылау; Өзгерістер туралы ақпаратты тиісті әуекомпаниялардан сұрау.
Бұған дейін Қазақстаннан Таяу Шығыс бағытына қатынайтын ұшақтардың 3 наурызға дейін уақытша тоқтатылғаны туралы хабарланған болатын.
Жағдайдың ушығуына байланысты Дубай халықаралық әуежайлары да жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ, түнде Дубайдың бас әуе айлағына (DXB) шабуыл жасалып, нысанның зақымданғаны туралы ақпарат тарады.
«Астана әуежайы әуе тасымалдаушылармен тұрақты байланыста. Біз жолаушылар үшін қолайсыздықтарды болдырмау және қауіпсіздікті сақтау мақсатында бақылау жүргізуді жалғастырамыз», — делінген ресми мәлімдемеде.