$ 497.56  586.92  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ирандағы балалар қазасы: Динара Зәкиева мәлімдеме жасады

Ол білім ордаларына шабуыл жасау халықаралық құқықты өрескел бұзатынын айтты

Ирандағы балалар қазасы: Динара Зәкиева мәлімдеме жасады
Фото: Instagram/zakiyevadinara

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Ирандағы мектепке жасалған әуе соққысынан ондаған баланың қаза табуына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Ол білім ордаларына шабуыл жасау халықаралық құқықты өрескел бұзу екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Иранның Минаб қаласындағы қыздар мектебіне жасалған әуе шабуылы әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірді. Соққы салдарынан ондаған оқушы тіл тартпай кетіп, көптеген бала ауыр жарақат алды.

«Мектеп — бейбітшілік мекені»

Динара Зәкиева өз үндеуінде балалардың кез келген қақтығыста ең әлсіз топ екенін және олар ересектердің саяси шешімдері үшін құрбан болмауы тиіс екенін айтты.

«Біз бұл оқиғаны естіп қатты қайғырдық. Мектеп — бұл “бейбітшілік мекені”, ал білім беру мекемелеріне шабуыл жасау халықаралық құқыққа қарсы әрекет. Балалар соғысты таңдамайды және ересектердің іс-әрекеті үшін жауап бермеуі керек», — деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Біздің еліміз кез келген дау-дамайды тек бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы шешуді қолдайды. Зәкиева әлем елдерін балалардың болашағын қорғау үшін ортақ келісімге шақырды.

Оның негізгі позициясы:

  • Балалардың бейбіт аспан астында өмір сүру құқығын қамтамасыз ету;
  • Білім ордаларының қауіпсіздігін халықаралық деңгейде қорғау;
  • Қақтығыстарды бейбіт реттеу арқылы балалардың болашағын сақтау.

Динара Зәкиева Минаб қаласындағы қайғылы оқиғаның салдарынан балаларынан айырылған отбасыларға қайғыра көңіл айтты.