Ол бұрынғы иесіне қоқан-лоқы көрсете бастаған
Шымкент қаласында ірі көлемде алаяқтық жасап, кәсіпкерді бопсалаған күдікті қолға түсті. Ішкі істер министрлігі қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Криминалдық полицияның мәліметінше, күдікті алаяқтық жолмен құны 2,5 миллион доллар болатын дайын кәсіпті иемденген. Ол кәсіпорын иесіне компания мен мүлікті өз атына аударуды ұсынып, ақысын криптовалютамен төлеуге уәде берген.
Алайда, заңды рәсімдер аяқталған соң, бұрынғы иесіне крипто-әмиянға кіру үшін жалған мәліметтерді берген. Іс жүзінде ешқандай төлем жасалмаған болып шықты.
Кәсіпті тегін иемденгені аздай, күдікті бұрынғы иесіне қоқан-лоқы көрсете бастаған. Ол компанияны әшкерелейтін дәлелдер бар деп қорқытып, оны жария қылмау үшін тағы 250 мың доллар талап еткен.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті талап етілген соманың бір бөлігін — 150 мың долларды алып жатқан жерінде ұсталды», — деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша келесі баптармен қылмыстық іс қозғалды: Алаяқтық (аса ірі көлемде); Бопсалау.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.