Интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері пайда болды – Бас прокуратура

Автор: Дәулет Ботагөз

Алаяқтар танымал тұлғалардың дауысы мен бейнесін қолданып жатыр

Фото: © istockphoto.com

Қазақстанның Бас прокуратурасы ел аумағында интернет-алаяқтардың жаппай белсенділігі туралы шұғыл мәлімдеме жасады. Қазіргі таңда қаскөйлер азаматтарды алдау үшін танымал тұлғалардың дауысы мен бейнесін қолдануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Алаяқтықтың жаңа әдістері

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің хабарлауынша, алаяқтар бұрын «Қазатомөнеркәсіп» сияқты компаниялардың атын жамылса, қазір екінші деңгейлі банктер мен ірі құрылыс компанияларының жалған инвестициялық платформаларын құруға көшкен.

Алаяқтардың басты құралдары:

Deepfake технологиясы: Белгілі тұлғалардың бейнесі мен дауысын пайдаланып, жалған жобаларды жарнамалау.

Бұрын ақшасын жоғалтқан инвесторларға «қаржыны қайтарып береміз» деп уәде беріп, қайта алдау.

Жеке деректерді ұрлауға арналған күмәнді сілтемелер жіберу.

Деректеріңізді қалай қорғауға болады?

Бас прокуратура азаматтарға қаржылық шығынға ұшырамау үшін келесі ережелерді қатаң сақтауды ұсынады:

1. Әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы келген бейтаныс сілтемелерді ашпау керек.

2. Ешкімге жеке мәліметтеріңізді және банк картасының деректерін бермеңіз.

3. Тез арада мол пайда табуға уәде беретін жарнамалардың 99% алаяқтық.

4.  Кез келген инвестициялық ұсынысты ресми дереккөздер арқылы қайта тексеріңіз.

«Егер алаяқтық фактісіне тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз», — деп ескертеді қадағалау органы.