Депутат Айдос Сарым жаңа Конституцияның үш басты ұстанымын атады

Автор: Темірхан Айжан

Сондай-ақ ол ұлттық болмысты сақтау мәселесіне тоқталды

Фото: t.me/referendum_2026

Мәжіләс депутаты Айдос Сарым «AMANAT» партиясы Президенттің саяси және қоғамдық тірегі ретінде елдегі оң өзгерістер мен конституциялық жаңалықтарды толық қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің берік іргетасы. Депутат жаңа Конституцияның мәнін үш ұғыммен сипаттады: «азат болу, қазақ болу, асқақ болу».

Айдос Сарым азаттық ең алдымен елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтудан басталатынын атап өтті. Оның сөзінше, Ата Заңда мемлекеттің тұтастығы, тәуелсіздігі мен беріктігі басты қағидат ретінде айқындалған. 

«Азат елге – азат азаматтар қажет. Құқықтарын білетін, оны қорғай алатын, елін қорғап, салығын адал төлейтін азаматтар ғана әділетті қоғам қалыптастырады», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, азаматтардың құқықтарын қорғау, соттар мен мемлекеттік органдарда олардың мүддесін қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі.

Сондай-ақ ол ұлттық болмысты сақтау мәселесіне тоқталды. Жаһандану жағдайында ұлттық кодты, тіл мен дәстүрді қорғау – тәуелсіздіктің кепілі екенін айтты. Айдос Сарымның сөзінше, Конституцияның преамбуласынан бастап негізгі баптарына дейін ұлттық тарих, тіл мен рухани құндылықтар көрініс тапқан.

Бұдан бөлек, депутат жаңа Конституцияда болашақ бағдарға басымдық берілгенін жеткізді. Атап айтқанда, инновация, білім және ғылым мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары ретінде айқындалған. Сонымен қатар цифрлық құқықтар алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін айтты.

«Бізге мұнайға ғана сүйенген емес, адам капиталына негізделген экономика қажет. Жаңа дәуірдегі бәсекелестік әскери күшпен емес, біліммен, инновациямен және ашықтықпен өлшенеді», – деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, Конституцияда азаматтардың мүлкіне, кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне және жеке бас бостандығына қатысты кепілдіктер нақты көрсетілген.