Атырау облысында карантин қайта күшейтілді

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде өсім 7,5 пайызға жеткен

Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар көрсеткіші 7,5 пайызға жеткендіктен, карантин режимі қайта күшейтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

12-21 шілде аралығында өңірде азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан бөлек сауда орындарының барлығы жабылады. Облыстағы барлық азық-түлік сауда нүктелері күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып және сағат 10.00-ден 21.00-ге аралығында жұмыс істейді. Ал қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар, сондай-ақ, тұрмысқа қажетті тауарлар сататын дүкендер тек жетізіп беру қызметін пайдалана алады.

Ұйымдар мен кәсіпорындарды қоспағанда, халыққа қызмет көрсететін орталықтар, оған қоса, көлік жуу, автомобильдерді жөндеу, тұрмыстық техника және басқа да нысандардың қызметіне тыйым салынады. 

«Алматы қаласы, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары бағыттары бойынша жолаушылар темір жол тасымалдары тоқтатылды. Бизнес орталығы объектілері, сондай-ақ, адвокаттардың, нотариустың, бухгалтерлік және кеңес беру қызметтері, жылжымайтын мүлік агенттіктері, жарнама агенттіктері қызметі уақытша жабылады», - дейді Атырау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Сүлеймен Әубәкіров.