Биржаны айналып өткен 812 тонна картоп: Павлодарда шаруа қожалығына айыппұл салынды

Автор: Мөлдір Қазыбай

800 тоннадан астам өнім міндетті сауда алаңынсыз сатылған

Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында шаруа қожалығы 812 тонна картопты тауар биржасы арқылы өткізбей сатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы №142 бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес, жаңа піскен және салқындатылған картоп биржалық тауарлар қатарына енгізілген. Бұл өнімнің көлемі 60 тоннадан асқан жағдайда сауда тек тауар биржалары арқылы жүргізілуі тиіс. Аталған талап нарық субъектілеріне тең қолжетімділік беруді және баға манипуляциясына жол бермеуді көздейді.

Алайда Павлодар облысындағы шаруа қожалығы бұл норманы сақтамай, 812 тонна картопты биржасыз өткізген. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерге қатысты 13 әкімшілік хаттама толтырылып, іс Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.

Сот шешімімен жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, мемлекет пайдасына 3 935 750 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Департамент өкілдері биржалық тауарларды белгіленген талаптарды бұза отырып өткізу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.