«Бұл жерде өтірік айтуға мүлде болмайды»: Астананың Жылу электр орталығындағы ел білмейтін ауыр жұмыс

Автор: Темірхан Айжан

Жылу электр орталығында істеу - аса жауапкершілікті қажет етеді 

Фото: Azattyq Rýhy

Қысы қатал елорданың үйлерін жылумен, жарықпен қамтып отырған ірі жылу электр станциясында екі мыңға жуық маман еңбек етеді. Алғыс айту күніне орай Azattyq Rýhy тілшісі алып орталықтың қызметкерлерімен тілдесіп, жұмыс барысын көріп қайтқан еді. Астанадағы 2-жылу электр орталығы - стратегиялық маңызы бар нысан. Мұндағы бір секундқа да дамылдамайтын қайнаған тірлік сырт көзге байқала бермейді. Цехтың ішіне кіргенде ғана сезілетін 40 градус ыстық ауа мен агрегаттардың құлақ тұндырар гүрілі мұндағы жұмыстың оңай емесін бірден ұқтырады.

Станциядағы күрделі процестерді басқаруға кәсіби мамандар шоғырланған. Солардың бірі - қазандықтарды басқарудың орталық жылу қалқанының машинисі Дәулет Шүренбайұлы. Жылу энергетикасы мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған ол еңбек жолын қарапайым жұмысшы болудан бастаған, бүгінде жетінші разрядтағы машинист деңгейіне көтерілген.

«Жұмысқа келген бойда қазандық пен қосалқы құрылғыларды аралап, температура мен қысым өлшейтін тетіктерді тексеремін. Әр сағат сайын қанша көмір жағылып, қанша бу өндірілгені туралы мәліметтерді есепке алып отырамыз. Бұл деректер өндірістік-техникалық бөлімге жіберіледі. Біз кез келген тосын жағдайға алдын ала дайынбыз. Кәсіби біліктілігімізді тексеру үшін жылына бір рет қатаң емтихан тапсырамыз, сондықтан төтенше жағдай болса, не істеу керектігін жатқа білеміз. Біздің жұмыста қауіпті жағдайға жол берілмейді, кез келген ақауды дер кезінде анықтап, тоқтатып үлгереміз. Егер автоматика жүйесі сәл де болса ауытқу туралы сигнал берсе, жөндеу бригадалары дереу тексеріске кірісіп, ақауды сол мезетте жояды. Біздің жұмысымызға асқан қырағылық пен үлкен жауапкершілік керек», - дейді ол.

Дәулет Шүренбайұлы дос-жарандары мен таныстарына энергияны үнемдеп тұтыну туралы ескертіп, ой салып жүреді.

«Өз ортамда жарық пен жылудың қалай келіп жатқанын түсіндіріп, қаншама адамның маңдай тері мен еңбегі барын үнемі айтып отырамын. Жұмысымыздың мән-жайын түсінген жандар энергияны үнемдеп, тиімді пайдалануға тырысады. Кейде еңбегімізді бағалап, алғыс айтып жатады», - дейді маман.

Машинистер орталық басқару бекетінде отырып процесті қадағаласа, қазандық цехының жабдықтарына қызмет көрсететін кезекші слесарь Мұхтар Омарбеков тікелей агрегаттардың жанында жүреді. Ол осы стратегиялық нысанда 8 жылдан бері еңбек етіп келеді.

«Жабдықтардың үздіксіз жұмысын қадағалаймын, әрбір тетіктің дұрыс істеп тұрғанына тікелей жауап береміз. Әр кезекшілікте алты адамнан жұмыс істейміз, қазір 8 қазандық жұмыс істеп тұр. Әр қазандықта төрт диірмен бар. Көбінесе сорғылардың жұмысына, олардың техникалық күйіне баса назар аударамыз. Егер қандай да бір ақау байқалса, дереу аға машинистке хабарлап, жөндеу жұмыстарын бастаймыз», - дейді ол.

Мұхтар Омарбеков станциядағы жұмыстың ең басты ерекшелігі – әріптестер арасындағы шынайылық, сенім екенін айтады.

«Мұнда өтірік айтуға немесе кемшілікті жасыруға мүлдем болмайды. Аз ғана ақауды байқамай қалсаң, не болмаса елеусіз қалдырсаң, ол соңында үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Әріптестер арасындағы шынайылық үлкен рөл атқарады. Жұмыстың басты ерекшелігі де сонда айтар едім. Өзімнің атқарып жүрген ісімді жақсы көремін. Қазір жастар келіп жатыр, оларға да белгенімді үйретіп жүремін. Жағдайымыз жақсы, басшылық тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі, қамқорлық әрдайым сезіледі», - дейді ол.

Мұхтар Омарбеков әріптестеріне алғыс айтып, сөзін түйіндеді.

«Өз ісін сүйген адам қиындықтан қорықпайды. Осы 8 жыл ішінде маған тәлім берген ұстаздарыма, иық тіресе бірге жұмыс істеп жүрген әріптестеріме ризашылығым шексіз. Оларға Алғыс айту күнінде алғысымды бідіргім келеді», - деді ол.

Айта кетсек, Астанадағы 2-жылу электр орталығы – қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін басты кәсіпорын. 1979 жылы іске қосылған бұл алып кешен ондаған жылдар бойы елорданы үздіксіз энергиямен жабдықтап келеді. Мұнда сағатына 420 тонна бу өндіретін 8 бу қазандығы мен 6 су жылыту қазандығы, сондай-ақ қуаттылығы 600 МВт болатын 6 турбоагрегат жұмыс істейді.