Қарағандыда жасөспірімдер қызды топ болып соққыға жықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Майқұдықта болған оқиға бойынша 6 кәмелетке толмаған оуқыш анықталып, екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: Polisia.kz

Қарағанды қаласында бір топ жасөспірім қыз баланы соққыға жықты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 16 ақпан күні кешке Майқұдықтағы 12-ші ықшам ауданда кәмелетке толмаған қызға жасөспірімдер шабуыл жасаған. Қыздың анасы Надежда Кошель бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде жазба жариялаған.

Полицияға Қарағанды қаласының тұрғынынан кәмелетке толмаған қызын жасөспірімдердің ұрып-соққаны жөнінде арыз түскен. Аталған дерек бойынша кәмелетке толмағанға қатысты заңға қайшы әрекет фактісімен қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты және объективті тергеу басталған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында оқиғаға қатысы бар 6 кәмелетке толмаған анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Алдын ала мәліметке сәйкес, олар жәбірленушіге бұзақылық ниетпен қасақана дене жарақатын салған.

Бастапқы тергеу нәтижесінде жанжалдың бастамашылары ретінде танылған жасөспірім ұл мен қыз уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға тергеу аясында берілмек.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылған.

Аталған оқиға кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңесте қаралып, тергеу аяқталған соң кінәлілерді арнайы білім беру ұйымына жолдау мәселесі шешілетіні айтылды.