32 алаяқтық фактісі бір қылмыстық іске біріктірілді
Пластикалық балкон мен терезе орнату қызметін ұсынып, алдын ала төлем алған соң ізін жасырған Қарағанды тұрғыны Маңғыстау облысында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 26 жастағы күдікті Қарағанды қаласында балкондар мен пластикалық терезелер орнату бойынша тапсырыс қабылдап, клиенттерден алдын ала ақша алған. Алайда уәде етілген жұмыстар орындалмай, ол байланысқа шықпай кеткен.
Қазыбек би ауданы полиция бөліміне қызметіне ақы төлеген азаматтардан бірнеше арыз түскен. Тергеу барысында күдіктінің осындай тәсілмен жүйелі түрде әрекет еткені анықталған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде оның Маңғыстау облысында пәтер жалдап тұрғаны белгілі болып, сол жерден ұсталған.
Қазіргі уақытта 32 алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, бір өндіріске біріктірілген. Жалпы келтірілген шығын көлемі 20 млн теңгені құрайды. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.