Солтүстік Қазақстан облысында өткен кездесуде жаңа Конституциядаға жастар мен волонтерлік қызметтің рөлі талқыланды
Петропавлдағы Qyzyljar Creative Center-де «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері жастармен және волонтерлермен кездесті. Жиынға премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформа комиссиясының орынбасары Аида Балаева, Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия өкілдері, қоғамдық және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жалпыұлттық коалициясына сілтеме жасап.
Кездесу барысында республикалық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасының негізгі тармақтары талқыланды. Аида Балаева елдің жаңа даму моделінде креативті индустриялардың маңызын сөз етіп, бұл бағыттағы басымдықтар құжатта көрініс тапқанын айтты.
«Креативті индустрияны дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл саланы Мемлекет басшысы жіті бақылап отыр. Аталмыш бағыт жаңа Конституция жобасында да көрсетілген. Ата Заң деңгейінде зияткерлік меншікті қорғау бекітілген. Бұл креативті индустрияны дербес және экономикалық тұрғыдан маңызды сектор ретінде қарастыруға болады деген сөз. Сонымен қатар бұл кездесудің Qyzyljar Creative Center-де ұйымдастырылуы да бекер емес. Қызылжардағы орталық – Қазақстандағы алғашқы креативті хабтардың бірі. Жалпы, білім, ғылым, мәдениет және инновация мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып, жаңа Конституция ел дамуының жаңа моделін бекітпек.Мемлекет адам капиталы мен азаматтардың интеллектуалдық әлеуетін стратегиялық басымдық ретінде айқындайды», – деді вице-премьер.
ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов жаңа Конституцияның тарихи құндылықтар мен елдің болашақ даму бағыттарын бейнелейтінін атап, жастардың осы үдерістегі ерекше рөлін атап өтті.
«Біздің еркіндігімізді, тәуелсіздігімізді кешегі бабаларымыздың аңсаған арманы бүгін осы Конституцияда жазылады нақты түрде. Бұл – адамның еркіндігі. Біздің Конституциямыз мемлекеттің болашағын айқындайтын үлкен жоба. Бұған біз үміт артып отырмыз. Сондықтан осы Конституциямен танысып, қарап-біліп алған дұрыс болады», – деді ол.
«JastarRuhy» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жастар мен волонтерлік қозғалыстың қоғамдық процесстердегі белсенді рөлін атап өтті.
«Ата Заңның жаңа редакциясы елді болашаққа және жаңа дәуір талаптарына бейімдеуге бағытталған. Әлем тез өзгереді, біз де бірге дамуымыз керек. Бұл өзгерістердің басты қозғаушы күші – жастар. Жастар – елдің болашағыдеп жатамыз, бірақ жастар – елдің бүгіні де. Өйткені біздің бүгінгі әрекетіміз болашағымызды қалыптастырады», – деді Ақерке Искандерова.
Кездесу соңында қатысушылар жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңызын талқылады. Сонымен қатар референдумдағы таңдау елдің әділ және прогрессивті болашағын қалыптастыруға үлес қосатынына сенім білдірді.